Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен, Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейінде, Қытайда өтіп жатқан Азия ойындарының жүлдегерлері Әбиба Әбужақынова мен Эсмигуль Куюлова мектеп оқушыларымен кездесті.
Іс-шара жүлдегер жерлестеріміздің жетістігін насихаттап, жастардың өнегелі үлгі алады деген мақсатпен ерекшеленіп отыр. Қос спортшы сөз алдын өмірдегі кез-келген жетістік — еңбектің арқасы екендігінен бастады.
Спорт немесе білім саласындағы жетістік, ерен еңбекті талап етеді. Оқуда үздік болыңыздар. Ата-ананың үмітін ақтай отырып, ауыр жауапкершілік арқалай біліңіздер. Жеңістің дәмін сүрінуден, құлаудан, қайта тұрудан кейін тата аласыздар. Ешқашан мойымаңыздар!- деді Ә.Әбужақынова.
Кейін, оқушылар қос жүлдегерге сұрақ қойып, жалынды жауаптарын естіді. Естелік фотосуретке түсіп, жеңімпаздардан қол таңба алды.
Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова — қазақ қыздары арасында алғаш рет әлем чемпионатында топ жарған дзюдошы. ХІХ жазғы Азия ойындарының күміс медаль иегері. Ал, Эсмигуль Куюлова — ХІХ жазғы Азия ойындарының дзюдодан қола жүлдегері.