«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қамбар Андашевтың рухына арналған жасөспірімдер арасындағы бокстан халықаралық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға арнайы қатысқан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржауған Төлеуова спортшыларға сәттілік тіледі.
-Баршаңызға белгілі Қамбар Андашев атындағы турнир 2004 жылдары аудан көлемінде бастау алған болса, бүгінгі күні халықаралық деңгейде облыс орталығында дәстүрлі түрде жалғасуда. Бүл турнирдің облыста олимпиадалық спорт түрі – бокстың дамуына серпін беріп отырғаны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні осы турнирге қатысуға ниет білдіріп, келіп отырған барлық таланттарға қош келдіңіздер деп, барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Ұйымдасытыру алқасына басқарма атынан алғысымды білдіремін,-деді ол.
Сайыста Өзбекстан, Түркменстан, Ресей, Белорусь мемлекеттері мен Қазақстанның Актөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Мангыстау облысынан 100-ге жуық спортшы бақ сынайды. Турнирді облыстық бокс федерациясы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Еске сала кетейік, Қамбар Андашев 1957 жылы Гурьев облысы, Махамбет ауданында дүние келген. Алматы мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтын тәмамдаған соң, 1979 жылы Махамбет ауылында балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек жолын бастаған. 1980-2000 жылдар аралығында жаттықтырушы, мектеп директорының орынбасары болып еңбек етеді. 2000-2001 жылдарда Махамбет аудандық туризм және спорт бөлімiнің бастығы қызметін атқарған. Бокстан КСРО-ның спорт шебері.
Айта кетейік, аталған турнир «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады.