Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен «Күй дария» атты ардагер өнерпаздардың арасында күй байқауы өтті.
Атырау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов бұл іс-шара дәстүрлі күйшілік мәдениеті мен тарихын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
— Атырауда алғаш рет күй байқауы өткізіліп жатыр. Ардагерлеріміз тасада қалмай, елге көрініп, өнерлері мен білімдерін жас ұрпаққа көрсетсін деген ниеттеміз. Күй — қазақпен егіз деп жатамыз. Міне, сол домбыраның үнін, ырғағын бүгін қала халқына сыйлау — біздің негізгі мақсатымыз. Күй өнері қазақ халқында ең ескі, халыққа кең тараған өнердің бірі. Күйші атамыз сол кездегі халықтың көрген азабы мен зардабын күй арқылы ел санасына жеткізген. Сондықтан, бүгінгі күй жарысын ұйымдастырудағы біздің алға қойған міндеттеріміздің бірі — Құрманғазының 200 жылдық мерейтойын ұлағаттау.
Жалпы ардагерлер арасында күй байқауын жыл сайын өткізу ойымызда бар. Жыл аяғына дейін Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен үлкен мерекелік шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр,- деді М.Өтешов.
Аталған сайысқа 60 жастан жоғары 16 ардагер күйші қатысты. Сайыс талаптарына сай қатысушылар Құрманғазының күйі мен өз қалауы бойынша кез келген бір күйді орындауы міндетті болды. Сондай-ақ үміткерлердің сахналық киімі ұлттық нақышына да көңіл бөлінді.
Сайыс нәтижесінде бас жүлдені Атырау қаласынан қатысқан Қатимолла Ризуанов иеленсе, жүлделі I орынды Өнербек Жанбала иемденді. Ал Индер ауданының ардагер өнерпазы Жалғасбай Кенжеғұлына II орын, Құрманғазы ауданының тумасы Қабидулла Шарапов пен Исатай ауданының өнерпазы Мақпал Отароваға жүлделі III орын табысталды. Сондай-ақ барлық сайыс қатысушылары Алғыс хаттармен марапатталды.