Бақсай ауылының әкімі Ермұрат Сұлтановтың айтуынша, Бақсай ауылдық округінде 150 орындық жабық денешынықтыру сауықтыру спорт кешенінің құрылысы облыстық Құрылыс басқармасының тапсырымен салынуда. Мердігері «Сұңқар құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Спорт кешенінде жаттықтырушылар, дәрігерлер, күзетшілер бөлмелері, бокс, күрес залы мен спортзал, ерлер және әйелдерге арналған киім ауыстыру сондай-ақ жуыну бөлмелері қарастырылған.
-Қазір мемлекет тарапынан бұқаралық спортқа айрықша көңіл бөлініп жатырғаны қуантады. Өйткені, спорт – денсаулық кепілі. Ауылымызда спорттың әр түріне қабылеті бар, қызығушылығы жоғары балалар жетерлік. Үлкендер де спорттан құралақан емес. Тек жаттығатын жердің жоқтығы қиын болып жүрген еді. Енді міне ауылымыздың қақ ортасынан керемет спорт кешенінің құрылысы басталып жатыр. Бұл ауыл халқына зор қуаныш, балғын спортшыларға үлкен мүмкіндік сыйлауда. Балаларымыз осы спорт кешенінде жаттығып, әлемді мойындататын чемпиондар Бақсайдан шығуына тілекшіміз,- деді ауыл тұрғыны, зейнеткер Ғұднан Нұрғалиев.
Жобаға 1 млрд. 254 млн. 580 мың теңге қаржы қаралған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.