Атырау қаласы прокурорының тапсырмасына орай білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова мен Атырау қаласы прокурорының орынбасары Мирас Жалмурзин күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектеп нысандарын аралады. Бұл туралы Атырау қалалық білім бөлімінің баспасөз-қызметі мәлім етті.
Бүгінде Атырау қалалық білім бөліміне қарасты бес мектепте, яғни №13, №22, №27, №19, №31 және (№1 Сәби әлемі балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған құрылыс нысандарын аралау барысында М.Жалмурзин барлық жұмыстың сапалы, заң шеңберінде жүргізілуіне және бірінші кезекте мерзімінен кешіктірілмеуіне баса назар аудару қажеттілігін айтты. Сонымен қатар жобалық сметалық құжатта (сараптамадан өткен) көрсетілген жұмыстардың мүлтіксіз орындалуы, қандай да бір өзгерістерді енгізу үшін заңды негіздемесі болуы керегі де айтылды.
Прокурор орынбасары Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп мектеп-гимназия және №1 балабақша бойынша күрделі жөндеу жұмысының жүргізілуі баяу екендігін айта отырып, мердігерге келісім-шарт бойынша жұмыстарды аяқталу мерзіміне 2 айға жуық уақыт қалғандығын қатаң ескертті.
— Жұмыс көлемінің ауқымдылығын қарайтын болсақ үлкен жұмысшылар санын көбейтіп, жұмыс қарқынын көтеру қажет болады. Екі мердігер компанияның басшылығымен білім бөлімімен бірлескен жиын өткізу қажет. Бұл күрделі жөндеу жұмыстары қазіргі таңда тек орындаушылар деңгейінде ғана жүріп отыр. Мердігер компанияның басшысы осы оқу нысандарын келіп қарап, өз бақылауына алуға тиіс,- деді М.Жалмурзин.
Сондай-ақ ол, алдағы уақытта осы жөндеу нысандарындағы жұмыстың жүргізілуі Атырау қаласы прокурорының қатаң бақылауында болатынын айтып, жауапты тұлғалар жұмысты сапалы, әрі мерзімінде тапсыруы тиіс екенін жеткізді.