Атырау қалалық білім бөлімінің асшысы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, 5 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты оқушыларды өзге білім ордаларында оқыту көзделіп отыр. Бұл туралы алғашқы болып Қазақпарат жазды.
«Мәселен, №27 мектептің бастауыш сынып оқушылары қосымша салынған ғимаратта, ал жоғары сыныптың оқушылары №22 және 24-мектепте оқитын болады. Қ.Сатпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін қосалқы нысан табу мәселесі қарастырылып жатыр. Биылғы ақпанда төбесінен су ағуына байланысты жабылған №30 мектеп-гимназиясының шәкірттері үшін төрт білім ордасы таңдалып отыр. Бұл – энергетика және көлік-коммуникациялық колледждері, «Білім-Инновация» лицей-интернаты мен №3 орта мектеп. Ал, №22 және 31-мектептегі жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады», -деп хабарлады Айнагүл Дүйсекенова.
Оның айтуынша, кешенді тексеруден кейін үш білім ордасының ғимараты апатты жағдайда екені анықталған. Бұл – Ы.Алтынсарин, С.Мұқанов және М.Ломоносов атындағы мектептер.
«Сол себептен, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары Ғ.Мүсірепов және Ж.Нәжімеденов атындағы білім ордаларына оқуға ауыстырылады. С.Мұқанов атындағы мектептің шәкірттері №34 мектеп пен ұлттық гимназияның ғимараттарына оқуға барады. Ал, М.Ломоносов атындағы білім ордасының оқушылары дәрісті М.Бекмұхамбетов, Ә.Жангелдин және М.Мөңкеұлының есімі берілген білім ордаларында алады», -деп мәлім етті Айнагүл Дүйсекенова.
Жөндеу жұмысы аяқталмаған Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясының директоры Досжан Болатбекұлының айтуынша, оқушылар өзге білім ордасына уақытша ауыстырылады.
«Қазір ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Біздің оқушылар бірінші тоқсанда Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта мектепте оқитын болады. Сабақты үшінші ауысымда оқиды. Бұл әрине, уақытша туындаған қажеттілік. Мектептегі жөндеу жұмыстарын 30 қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр», -деп хабарлады Досжан Болатбекұлы.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 6 мектептегі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін жалғасатынын жазған едік.