Махамбет ауданының Алға ауылында тұратын Жанаргүл Аманғалиева бала күнінен тігін тігеді. Енді ол бала күнгі хоббиін кәсіпке айналдырған. Бұл туралы Қазақпарат жазды.
«Тігін тігу ісін анамнан үйренген едім. Қолымнан ине-жіп түскен емес. Бастарқыда аяқкиім тігумен тек хобби ретінде айналысып, ағайын-туманың тапсырысын орындап жүрдім. Кейіннен оны кәсіпке айналдыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға бекіндім. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарынан, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалынан кеңес алып, бизнес-жоспар жасадым. Содан соң 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 млн 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға қол жеткіздім. Тігін мәшинкесін, өзге де секілді құрал-жабдықтарды сатып алып, үйден шағын шеберхана аштым», -дейді Жанаргүл Аманғалиева.
Ол аяқкиімнің сапалы болғанын қалайды. Сол себептен, сапалы жіпті Иран мен Түркиядан тапсырыспен алдырады.
«Келінім де – өзім секілді қолөнерге жақын жан. Үйден көрпе тігіп, ою ояды. Оның бәрін тапсырыспен жасайды. Өзім бір күнде 2-3 жұп аяқкиім дайындаймын. Бағасы – 5 мың теңге. Енді балаларға арналған және жабық үлгідегі аяқкиімдерді тоқуға көшемін», -дейді Жанаргүл Аманғалиева.