Атырау облысы негізінен Ресейдің жақын аймақтарынан әкелінетін азық-түліктің 70%-на дейін импорттайды. Осылайша, аймақ шетелдік фермерлерді «асырап» отыр. Отандық азық-түлік өндірісін дамытудың маңыздылығы туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.
Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, еліміз бойынша ең үлкен табыс Атырау облысында деген сөз жиі айтылады. Бірақ, өкінішке қарай, табыс қанша көп болса да, оның екінші айналымы жоқ, қаражат импорт арқылы елден «шығып кетіп жатыр». Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерді субсидиялау тәсілдерін қайта қарауы тиіс.
«Ең өзекті мәселе субсидиялау саясатының қаншалықты тиімділігіне қатысты болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің саясаты – барлық өңір үшін бірдей ереже. Ал біз табиғаты және климаттық жағдайлары қолайсыз аймақтарға ерекше көзқарас қажет деп санаймыз. Қазір Атырау облысындағы азық-түліктің 70%-ы импортталады. Олар негізінен Ресейдің көршілес облыстарынан әкелінеді. Сонда біз ресейлік фермерді асырап жатырмыз ба? Қандай жағдай болса да, азық-түлік тауарларын өзіміз өндіретіндей ету қажет», — деді Эльдар Жұмағазиев.