Бейбарыс алаңында 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған «Бір шаңырақ астында» атты салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысты.
Шара шымылдығы музыкалық — театрландырылған композициямен ашылды. Кейін облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл күннің маңыздылығына тоқталып, жерлестерді мерекемен құттықтады.
— Кең байтақ Қазақстанда жүзден астам ұлт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде тіліміз, дініміз, басқа да өзіміздің өзгеше әдет-ғұрпымызға қарамастан барлық ұлтқа тең, әділ жағдай жасалған. Өзге мерекелерден ең мейірімді, достықты насихаттайтын — осы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ елінде өмір сүріп жатқан көптеген ұлттың кей жағдайда өз елінен тарыдай шашылып, біздің өлкеге келіп, үйін тұрғызып, елімізге адал қызмет істеп жатқанын білеміз. Қазақ халқы олардың ешбірін шеттетпей, бауырына басып, туысындай көрді. Ал олар осы күнге дейін қазақ халқына алғысын айтып келеді. Сондықтан бұл мерекенің мәні мен мағынасы бөлек. «Іргесі берік елді жау алмайды, ауызбіршілігі бір елді дау алмайды» демекші, іргеміз сөгілмесін, бірлігіміз берік болсын! Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік күнде елімізге адал қызмет етейік. Ұлтаралық достығымыз мығым, бір-бірімізге сый-құрметіміз молынан болсын!-деді С.Шәпкенов.
Салтанатты шара өңірдегі этномәдени орталықтардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.