Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады.
Кездесуде өңірдегі діни ахуал, ақпараттық- насихат жұмыстары, дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру жайы сөз болды.
Наурызбай қажы Тағанұлы өңірде діни тұрақтылықтың сақталуына қолдау көрсетіп жүрген аймақ басшысына алғысын білдірді.
— Атырау облысында 43 мешіт бар. Бүгін Ракуш ауылында 1000 орындық жаңа мешітті аштық. Өте сапалы салынған екен. Сонымен қатар 45-мешіттің іргетасын қаладық. Мешітті салушылар құрылысты тезірек аяқтауға тырысамыз деп отыр. Облыста 111 мешіт қызметкері, оның ішінде 13-і Бас имам, 53-і наиб-имам. Олардың 40%-ы — жоғары білімді мамандар. Қызметкерлердің білімін жетілдіруге облыстық әкімдік үнемі қолдау көрсетіп отырады. Алдағы уақытта да қолдау үзілмесе екен. Осы тұста бірігіп жұмыс істесек деген тілек бар,-деді Н.Тағанұлы.
Кездесуде барысында қос тарап алдағы уақытта жобаларды бірге жүзеге асырып, діни ағарту шараларын бірлесе жүргізуге келісті.