Биыл Атырау облысының көркем гимнастика федерациясының құрылғанын 20 жыл. Осыған байланысты өткізіліп отырған жарыста Астана, Ақтау, Орал, Жаңаөзен, Ақтөбе және Атырау қалаларының 265 гимнаст шебері қатысуда. Қазақстанның 6 өңірінен жиналған жас спортшылар жеке және топтық бағдарлама бойынша бақ сынайды.
Спорттық іс-шараға көркем гимнастикадан облыс құрамасының аға-жаттықтырушысы Көклан Егеубаева, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сүндеткерей Қасанғалиев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Айман Меңдіғалиева сөз сөйлеп, барша қатысушыларды жарыстың ашылуымен құттықтады.
— Құрметті спортшылар және қала конақтары. Сіздерді бүгінгі чемпионаттың ашылу салтанатында көргеніме қуаныштымын! Дәстүрлі түрде өткізілетін сайысқа қош келдіңіздер! Өңіріміздің көркем гимнастикасына биыл 20 жыл. Осы уақыт ішінде Көклан Егеубаева ең үздік деген спортшыларды шығарды. Бүгінгі спорттық додада ең үздіктер жеңіске жетсін,- деді А.Меңдіғалиева.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырау облысында 500-ден астам қыз көркем гимнастикамен айналысады.