Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев Еркінқала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, білікті мамандардың жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Бұл кездесудің маңызы зор. Өйткені осындай кездесулер бізде қандай кемшіліктер бар екенін түсінуге көмектеседі. Және соған сай тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Жиын барысында Еркінқала ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаториясының шалғайда орналасуына байланысты қосымша медициналық орталықтар ашу мәселесі көтерілді. Бұл мәселені шешу үшін жаңа медициналық пункт салынбай тұрып, дәрігерлік амбулаторияға бөлмені уақытша жалға алуды жоспарлап отырмыз,- деді Қ.Абдалиев.
Тұрғындармен кездескеннен кейін бас дәрігер Еркінқала ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясында болып, дәрігерлердің жұпмысымен танысты. Кейін бірқатар дәрігерлерді денсаулық сақтау саласындағы адал және кәсіби қызметі үшін алғыс хаттармен марапаттады.