Қазіргі таңда балалардың жоғалу фактілерінің көбеюі алаңдатар жағдай туғызуда.
Облыс аумағында жыл басынан бері балалардың жоғалуының 89 дерегі тіркелген. Бала жоғалу фактісі бойынша 73 ата-ана полиция қызметкерлеріне хабарласса, 6 хабарлама мектеп қызметкерлерінен, 9 хабарлама адасқан балаға бей-жай қарай алмаған азаматтардан түскен.
- Жасөспірім балаңыз уақытында үйге келмеген жағдайда, өз еркіңізбен іздестіру жұмыстарын ұзаққа созбай, дереу полицияға хабар беріңіз. Бұл жоғалған балаларды іздестіру жұмыстарының сәтті аяқталуына өз септігін тигізер еді. Көп жағдайда ата-аналар балаларының үйге келуін күтіп, оқиғаны жасырып келеді. Мысалы, күндізгі 12:00 шамасында сабаққа кеткен баласының үйіне уақытылы келмеуі бойынша ата-анасы тек қана түнгі 01:30 шамасында полицияға хабарлаған. Бұл жағдайда бала табылып,аман-есен ата-анасымен қауышқан болатын,-дейді Атырау облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиев.