Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсының қорытынды кезеңі онлайн форматта Google Meet платформасында өткізілді. Конкурстың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен 19 секция бойынша 718 жобамен 900-ден астам оқушы қатысып, бақ сынады. Конкурстың әрбір секциясы жобаларды алдын ала жоспарланған кестеге сәйкес қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша қорғады.
-Аталған жобалар байқауына Атырау облысынан 27 жобамен 37 оқушы қатысып, нәтижесінде қоржынымыз 13 медальмен толықты. Оның ішінде I орын – 3, II орын – 2, III орын – 8, грамотамен марапатталған оқушы – 4,- деді Р.Сарбалин.
Облыс намысын асқақтатқан жүлдегерлердің ішінде жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша I орынды Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 8-сынып оқушысы Саян Ибрагимов пен Махамбет ауданы, Е.Ағелеуов атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Дильназ Шонаева иеленді. Ал III орынға Ж.Молдағалиев атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мұхаммед Әділханұлы, Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицейдің 10 сынып оқушылары Бектұрған Дюсембайұлы мен Шынтас Нұржан, «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушылары Даниял Серікқали мен Төлепберген Аманат қол жеткізді. Сайыста «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10 және 11 сынып оқушылары Батырхан Қуанышев, Аманат Біләл, Алихан Аманқос, Дамир Тарбанов, Атырау қаласы ІТ мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Қазыбек Қадырбай грамотамен марапатталды.
Аталған додада қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша I орынды Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 11 сынып оқушысы Назерке Ғизатулла, II орынды Индер ауданы Махамбет атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Айталы Еділов пен «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9 сынып оқушылары Әділ Қаражан, Арнұр Қаржау иеленді. III орынды Исатай ауданы Аққыстау орта мектебінің 10 сынып оқушысы Темирлан Есболғанов, Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 8 сынып оқушысы Жазира Кеңесова, Ж.Молдағалиев атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Саят Тілеміс, «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9 сынып оқушылары Ильхам Қуаныш, Аршат Аманбай, Атырау қаласы ІТ мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Айша Қуанышева қанжығалады. Ал Құрманғазы ауданы М. Әуезов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Сабина Ғизатуллаева грамотамен марапатталды.