Атырауда 16 жастағы қыз 4 күннен бері табылмай жатыр. Ол 6 сәуірде үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар депаратментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, іздестіру 7 сәуірден бері жүргізіліп жатыр.
«Атырау қаласының 2007 жылы туған тұрғыны 6 сәуір күні ата-анасына ескертпей, үйінен белгісіз бағытқа шығып, кері оралмаған. Осыған байланысты Төтеншеше жағдай департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің құтқарушылары Жайық өзенінде су астынан іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Су астынан іздестіру жұмысына жедел құтқару жасағынан 10 адам, 1 техника мен 2 жүзу құралы, Полиция департаментінен 5 адам, 1 техника тартылған. Құтқарушылар мен полицейлерге еріктілер, жергілікті тұрғындар көмектесіп жатыр.
«Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Әсіресе, балаларды назардан тыс, қараусыз қалдырмаған жөн», — делінген хабарламада.