Атырауда есірткіні жасырып кетумен айналысқан Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды. Одан 290 грамм «мефедрон» мен «альфа PVP» тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырауда есірткіні жасырып кетумен айналысқан күдікті ұсталды. Шығыс Қазақстан тұрғыны Атырауға бес жылдан бері келіп жүрген. Бастапқыда ол сүңгуір болып жұмыс істеген, ал осы жылдың наурыз айынан синтетикалық есірткіні сатумен айналысуды шешкен.
Ол қолға түсерден екі күн бұрын «куратордан» есірткінің орналасқан жерін өзгерту жөнінде тапсырма алған. Алайда, оны полицейлер есірткіні жасыруға мүмкіндік бермей ұстады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, одан 290 грамм «мефедрон» және «альфа PVP» тәркіленді», — деді Ішкі істер министрлігінің апталық брифингісінде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Белгілі болғандай, қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.