Жасыл алаңда көптің жүрегін елжіреткен көрініс пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Футболдан Қазақстан премьер-лигасында «Атырау» футбол клубы «Оқжетпес» командасымен кездесіп, 0:4 есебімен ұтылып қалған еді. Бірақ атыраулық ойыншылар бұл жолы жанкүйерлерді басқа жолмен таңқалдырды. Олардың әрқайсысы жасыл алаңға бір-бір күшіктен алып шықты.
Осылайша олар көпшіліктің назарын қараусыз жүрген үй жануарларына аударғысы келгенін айтады.
Аталған клубтың баспасөз қызметінен білгеніміздей, бұл «Ит – жеті қазынаның бірі» атты акцияның бір бөлігі болып шықты.
Оған «Доброе сердце» қоғамдық қорының еріктілері қатысқан. Аталған ұйым 2016 жылдан бері үйсіз жануарларға жаңа қожайын табуға көмектесіп келеді.