Өңірде Таланттарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беру ұйымдарының 6-11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану — 2023» байқауының облыстық кезеңі өтті.
Байқаудың мақсаты – қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру.
Байқауының облыстық кезеңіне аудандық, қалалық кезеңде жеңімпаз атанған 17 оқушы қатысты. Сайыс «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы бекіткен Қағида негізінде екі кезеңнен тұрды. Оқушылар бірінші кезеңде www.azretsultan.kz веб-сайтында жарияланған 40 хикметті жаттау арқылы бақ сынаса, екінші кезеңде Қ.Ясауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтердегі ұғымдарға, Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге, жерленген тұлғаларға қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы ұпай жинады.
Қазылар алқасының қорытындысына сәйкес 1 орынды Атырау қаласы, №36 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Асылай Дүйсен, 2 орынды Индер ауданы, Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Аннела Набиден мен Атырау қаласы, Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицейдің 10-сынып оқушысы Мансур Курметов иеленді. Ал 3 орынға Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 7-сынып оқушысы Ұлжан Идаятова мен аталған оқу орнының 8-сынып оқушысы Әли Зайыр қол жеткізді. Сондай-ақ Алғыс хатпен 12 оқушы марапатталды.
Айта кетейік, жүлдегер оқушылар республикалық кезеңге жолдама алды.