Атырау көк түтіннің құрсауында қалды. Жергілікті тұрғындар көшеде маска тағуға мәжбүр. «Түтіннің иісі қолқаны қабады » деп әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр атыраулықтар. Олар осындай олқылыққа жол берген билікке наразы. Ал, облыстық төтенше жағдай департаменті қамыс жанып жатқандығын хабарлады.
«Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатыр. Бұл – Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы аумақ. Бүгін, 2 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында қамыс өрті шамамен 85 гектар аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері 80 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Жел екпіні өртті сөндіруге қиындық келтіріп тұр. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Ал, бүгін, 3 сәуірде теңіз жағалауындағы қамыс өртін сөндіру жалғасып жатыр.
Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 38 қызметкер, 4 техника, Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа тартылған.