Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, нашақорлар есебіне 508 адам алынған.
«Оның ішінде 68 адам есірткілік уыты бар трамадол дәрісіне тәуелді болған. Қазір облыстық психикалық денсаулық орталығының наркология бөлімшесінде 75 адам тиісті емдеу шарасын алып жатыр. Үш адамға мәжбүрлі емдеу жүргізілуде», -дейді орталық директоры Елдос Қыдырсиықов.
Ал, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, тұрғындар тарапынан психотропты дәрі-дәрмектің заңсыз айналымына қатысты шағым көбейген. Тұрғындардың шағымынан кейін жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев пен учаскелік полиция инспекторлары Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында тексеру жүргізген.
«Тексеру кезінде аталған шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 2 пәтерінен психотропты дәрі-дәрмек тұтынған 6 тұрғын ұсталды. Инспекторлар 1991, 1992, 1993, 1995, 1995 және 1998 жылғы тұрғындарды сараптамаға жеткізді. Оларға қатысты тиісті іс-құжаттары жинақталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.