Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыБілім

Биыл өңірде «Мың бала» ұлттық олимпиадасының І кезеңіне 3600-ден аса оқушы қатысады деп жоспарлануда

Ауыл мектептерінде білім алатын 3600-дей оқушы биыл «Мың бала» ұлттық олимпиадасының І кезеңіне қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы Атырау облысы білім беру басқармасы «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының директоры Руслан Сарбалин баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Мың бала» олимпиадасының мақсаты – жыл сайын ауылдық жерлерде оқитын 6-сынып оқушылары арасынан қабілеттілерін анықтау. Сондай-ақ олардың еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде білім алуына мүмкіндік беру. Олимпиадаға қатысу үшін тіркелу 1000bala.elumiti.kz сайтында жүзеге асады. Тіркелу осы жылдың 1 наурызы мен 30 наурызы аралығында жүргізілуде.

— Өздеріңіз білетіндей, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бір міндеті — орта білім беру сапасын арттыру. Әсіресе өңірлер арасындағы, қалалық және ауылдық мектептердегі білім беру сапасындағы айырмашылықты қысқарту. Ал «Мың бала» олимпиадасы – осы міндетті шешетін жобалардың бірі. Сол себепті, біз «Мың бала» олимпиадасына мұғалімдер мен ата-аналардың, оқушылардың назарын баса аударғымыз келеді. Олимпиада қорытындысында еліміз бойынша 1000 жеңімпаз анықталады. Олар еліміздің жетекші мектептерінде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Яғни Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім ала алады. Оған қоса қосымша 5000 оқушы онлайн сабақтарға қатыса алады,- деді Р.Сарбалин.

Оның айтуынша, олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. Атырау облысы кесте бойынша 4-ші сәуір күні Астана уақытымен таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге 1000bala.elumiti.kz сайтында тестілеуден өту керек. Тестілеуге ғаламторға қосылған смартфон, компьютер немесе планшет көмегімен өтуге болады. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеуді өз мектептерінде немесе өңірлік «Дарын» орталықтарынан да өте алады. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жіберіледі. Екінші кезең 26 — 28 сәуір аралығында ұйымдастырылады. Тестілеу «Ustudy» өңірлік тестілеу орталығы базасында өтеді.

Back to top button