Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыСаясат

Атырау облысының әкімі тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады

Жеке қабылдауға келген тұрғындар баспанамен қамту, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу және т.б әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Жеке қабылдауға келген тұрғындардың ішінде балаларына қосымша білім беру үшін «МегаМозг» оқу орталығына ақша беріп, алданып қалған 13 қала тұрғыны бар. Ата-аналар өз міндетін орындамаған кәсіпкерлер ақшаны қайтарып, тергеу амалдары ашық әрі әділ жүргізілсін деген талап қойды.

— Біз келісімшартқа алдын ала қол қойдық. Келісімшарт жасағанымыз үшін мәз болып жүрдік. Оқыту орталығының мамандары акция жүріп жатқанын, бір жылдың оқу ақысын алдын ала төлесек, әлдеқайда арзан болатынын айтқан. Жұмаған қаражат аз емес. Мұндай қаржы жинау үшін арамызда несие алғандар да бар. Бүгін бәріміз шаруамызды тастап, сізге келіп отырмыз. Басқа ата-аналар біз секілді сан соқпасын деген оймен. Сондықтан қандай да бір оқу орны ашылған кезде облыстық білім беру басқармасы оны алдын ала тексерістен өткізуі керек,-деді қала тұрғыны Әсия Ізтелеуова.

Ал Атырау қаласының прокуроры Руслан Айтимов бұл іс сараптамаға жіберілгенін, оған қатысы бар негізгі күдікті қазіргі таңда қамауда алынғанын айтты.

— Барлық жәбірленушінің арыздары қабылданды, тергеу амалдары аяқталды. Бас-аяғы 145 адам алданған. Негізгі күдікті қамауға алынды. Бүгінде бұл іске қолжазба және фоноскопиялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы алынған соң, іс сотқа жолданып, күдікті төрт азаматшаға қатысты шешім қабылданады,-деді Р.Айтимов.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жеке қабылдауға келген 13 азаматтың мәселесі бойынша жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берді.

— Мен бұл іспен танысып шықтым. Өкінішке қарай қоғамда алаяқтар өте көп. Сіздер ол жерге балаларыңыздың сапалы білім алуы үшін қаржы салдыңыздар. Бұл мәселені жан-жақты зерттеу қажет. Қалалық прокуратура жіті қадағалауға алсын. Сондай-ақ мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қосымша оқытуға лицензия беру туралы заңға өзгеріс енгізу үшін ұсыныс әзірлеңіздер. Оған қоса, азаматтық іс деп жылы жаппай, алаяқтық іс-әрекетке қатысы бар-жоғын анықтаңыздар. Қажет болса, жергілікті телеарналардан алаяқтық туралы, алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы туралы арнайы айдар ашылсын немесе бейнероликтер көрсетілсін. Осындай іске қатысы бар алаяқтар лайықты жазасын алуы тиіс,-деді С.Шәпкенов.

Кездесуге жауапты басқарма басшылары, Атырау қаласының прокуроры, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры қатысты. Олар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті ақыл-кеңес берді.

Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында әрекет ету туралы нақты тапсырмалар берді. Сұрақтар жан-жақты қаралып, заңдылығына қарай шешіледі.

Облыс әкімі бүгінге дейін 33 қабылдау өткізіп, 482 тұрғынның мәселесін тыңдады. Сондай-ақ, аудандарға жұмыс сапары барысында 200-ден астам тұрғынды жеке қабылдады.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Атырау облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.

Байланыс нөмірі: 8 (7122) 95-66-82

Back to top button