Биыл облыстағы мектеп ғимараттары жаңа оқу жылының басына дейін қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай болады. Бұл жөнінде облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-2021 жылдан бері Атырау қаласы, аудан орталықтары мен ауылдарда мектептер жаңғыртылып келеді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Атап айтқанда, 25 қала, ауылдық мектептерге модернизация жұмыстарын жүргіземіз. Бұл мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асып отыр. Ол үшін 800 млн теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары барысында мектептер пәндік кабинеттермен, жиһазымен жарақтандырылып, кітапханалары мен асханалары жаңартылады. Білім ордалары қауіпсіздік жүйелерімен қамтылып, оқушылардың инклюзивті білім алуына мүмкіндік жасайтын боламыз. Бұл жұмыстарды оқушылар демалысқа кеткен уақытта бастап, жаңа оқу жылының басына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз,- деді Т.Байдошев.
Оның айтуынша, жаңғыртудан өтетін мектептерге Атырау қаласының Алмалы, №32, Б.Нысанбаев, Қ.Смағулов және Жылыой ауданының №2, №23 мектептері жатады. Сондай-ақ Индер ауданының К.Абақан, С.Сейфуллин, Жамбыл, Ж.Мырзағалиев, Исатай ауданының Новобогат, Жаңа Жанбай орта мектептері бар. Сонымен қатар Құрманғазы ауданының 6 мектебі, яғни С.Мұқанов, Шортанбай, Н.Имашев, Ю.Гагарин, Н.Манаев, З.Серікқали атындағы орта мектептер де жаңғыртылады. Оған қоса Қызылқоға ауданының Б.Аманшин, Ш.Еркінов, Ы.Шорекова және Мақат ауданының А.Құнанбаев, М.Баймұханов, Махамбет ауданының А.Байтұрсынов, Қарашаұлы орта мектептері де бар.
Айта кетейік, 2025 жылдың аяғына дейін Атырау қаласы мен аудан орталықтарында, ауылдарда 128 мектеп жаңғыртылады деп жоспарланып отыр.