Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, 16 наурызда қайта жалғасқан іздеу жұмысына 5 құтқарушы, 1 жүзу құралы тартылған.
«Биылғы 5 қаңтарда жергілікті сағат 11:14 шамасында Атырау қаласындағы «Жұмыскер» шағын ауданы тұсында екі ер адам Жайық өзенінде қатқан мұз астына түсіп кеткен. Полиция қызметкерлері өзенге батқанның бірін – 49 жастағы ер адамды құтқарып қалды. Ол облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал, 1975 жылғы ер адамды құтқару мүмкін болмады. Оны іздеу жұмысы 10 күнге созылғанмен, нәтиже берген жоқ. Енді өзенге батып кеткен адамды іздеу қайта жалғасты», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Күн жылынып, Жайық өзеніндегі мұз еруіне байланысты батып кеткен адамның туыстарының іздестіру жұмыстарын жалғастыру жөнінде өтініш берген.