Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен №38 мектеп-лицейінің кітапханасында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына байланысты «Ұлттық саз өнерінің жарық жұлдызы» тақырыбында әдеби биеннале өтті. Іс-шараға аталған мектептің оқушылары мен мұғалімдері қатысты.
Мұнда Өнертану бөлімінің кітапханашысы Эльмира Дөкенова күй атасы Құрманғазы туралы мәліметтерді әңгімесіне арқау етті. Сондай-ақ, дәулескер күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнежазба, «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» атты шығармалары көрсетіліп, ақын, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» поэмасынан үзінді оқылды. Сонымен қатар, осы тақырып аясында жасақталған кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды.
-Күйші-композитор, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі, ұлттық музыка мектебінің негізін салған Құрманғазы Сағырбайұлы шығармаларында ерлік пен елдікті, еркіндік пен ізгілікті, бостандық пен бақытты, жақсылық пен жарқын болашақты, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті жырлады. Мақсатымыз – қазақ халқының ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының шығармаларын оқырман қауымға насихаттау,- деді Э.Дөкенова.
Іс-шараның соңында оқырмандарға күйшінің өмірі мен шығармаларынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.