Атырауда мал іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалған екі адамды тікұшақтың көмегімен табу мүмкін болды.
Атырау қаласының маңындағы Алғабас ауылының екі тұрғыны 9 наурыз күні сағат 11:30 шамасында мал іздеуге шығып кеткен. Елді мекеннен 50 шақырым қашықтыққа алыстаған соң олармен байланыс үзілген.
«10 наурызда департаменттің диспетчерлік пультіне екі адамның із-түзсіз жоғалып кеткені туралы хабар түсті. Осыған байланысты департамент қызметкерлері сағат 13:25-те жол талғамайтын ТРЭКОЛ автокөлігімен жоғалған адамдарды іздеуге шықты. Оларды іздестіру жұмысына сағат 17:23-те «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды. Құтқарушылар сағат 17:47-де мал іздеуге шығып, хабарсыз кеткен 58 және 54 жастағы ер адамдарды ама-есен тапты. Олардың денсаулығы қалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», — деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Бір күннен соң табылған екі ер адам отбасымен, туыстарымен қауышты.