Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеровтің мәлім еткеніндей, Жәңгір хан көшесі 65/2 мекенжайында орналасқан жатақхананың 9 наурыз күні сағат 23.00 шамасында кәріз жүйесінде ақау болып, жертөлеге су кірген.
Оның айтуынша, соған байланысты ғимарат электр желісінен ажыратылды.
«Хайрекешева» ЖК-ға тиесілі жатақханада Батыс Қазақстан жоғары медицина колледжі мен «Мақсат» жоғары медициналық колледжінен барлығы 140 студент тұрады. Аталмыш жағдайдан кейін студенттер басқа мекенжайларға, таныстары мен жақындарына жіберілген.
«Мекеме қызметкерлері бастапқыда өз күштерімен таңға дейін тазалаған. 10 наурыз күні сағат 11.00-де оқиға қайталанып, күні бойы жағдайды реттеумен айналысқан. Зачаган кенті әкімдігіне сағат 19.00 шамасында хабарласты. Шешім қабылданып, 1 мотопомпа көмекке берілді, түні бойы су сору жұмыстары жүргізіліп, 11 наурыз күні таңғы сағат 06.00-де жағдай реттелді. Түнде сағат 02.00-де электр жарығы қосылды. Қазір су алған бөлмелер тазаланып, дезинфекция жасалуда. Студенттер жатақханаға орала бастады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Аққали Үмбетқалиұлы.