Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтың төрағалығымен «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасын іске асыру шеңберін кеңейту туралы жиын өтті.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында басым бағыттарының бірі ретінде «полицияның сервистік тәсілге» көшуді белгіледі.
Сервиске бағытталған полиция қызметі – бұл полиция мен қоғамға қылмыстық құқықбұзушылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуде ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Ол екі негізгі құрамдас бөлікке негізделген. Полицияның әдістері мен тәжірибесін өзгерту және полиция мен қоғам арасында сындарлы қарым-қатынас орнату үшін шараларды қабылдау.
Жиында Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Әбдіғани Тойшыұлы Сейдуалиев өткен жылы «Полицияның сервистік моделі» жобасы аясында атқарылған және ағымдағы жылы атқаратын жұмыстардың нәтижелері мен бағыттарын айтып өтті.
Айта кетейік, бұған дейін «Полицияның сервистік моделінің» пилоттық жобасы Атырау қаласы полиция басқармасының №2 қалалық полиция бөлімінің аумағына енгізілген еді. Пилоттық жоба аясында тәртіп сақшылары, прокуратура мен жергілікті атқарушы орган өкілдері және қоғам белсенділерінен құралған мобильдік топ жұмысы бекітілген аумақтағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық талдау жұмыстарын жүргізген болатын. Мақсат — тұрғындардың құқық бұзушылыққа деген иммунитетін арттырудың басымдықтары мен тәсілдерін анықтау. Бұдан былай «Полицияның сервистік моделі» облыс аумағына толықтай енгізіледі.