Атырау облыстық мектеп-интернатында (көру және есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған) есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған жалпы құны 13,5 млн теңгені құрайтын 9 есту аппараты салтанатты табыс етілді. Аппараттарды сатып алуға қаражатты «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) қызметкерлерінен құралған XYZ қауымдастығының еріктілері жинады.
«Біздің қауымдастық ТШО ішінде 2011 жылы құрылған болатын және оның құрамына түрлі бөлімдердің, түрлі лауазымдағы, ұлты мен жасы әртүрлі ерікті қызметкерлер кіреді. Қауымдастықтың мақсаты – нетворкинг, білім алмасу және қажетті бизнес құзыреттіліктерді дамыту арқылы қызметкерлердің құштарлығы мен тәжірибесін арттыру, сондай-ақ қызметкерлерді біз өмір сүріп жатқан қоғамға көмектесу сияқты ортақ мақсаттар төңірегінде біріктіру. Жыл сайын қараша айында «Movember» шарасының аясында біздің еріктілер халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға жан-жақты көмек көрсету үшін қаражат жинайды. Өткен жылы облыстық мектеп-интернатының өкілдері бізге 9 есту аппаратын сатып алуға көмек сұрап, өтініш жіберген болатын. Біз бұл бастаманы қуана қолдадық, – дейді XYZ қауымдастығының жетекшісі, ТШО-ның қаржы жөніндегі бас менеджері Зәмзәгүл Бекова.
Швейцарияда жасалған аппараттардың әрқайсысының құны шамамен 1,5 миллион теңге.
Бірақ әр аппарат баланың диагнозына байланысты жасалғандықтан, бір аппараттың құны 2,5 миллион теңгеге дейін өсті. Аппараттар Атырау қаласында өкілдігі бар «Исток Аудио Қазақстан» ЖШС-нен сатып алынды. Бұл орталықтың мамандары арнайы диагностика жүргізіп, балалардың диагнозы сүйене отырып жеке аппарат таңдап ғана қоймай, бастапқы баптауларды жасауға да көмектесті. Сондай-ақ, олар 7 жылдық кепілдік бойынша есту аппаратына тегін қызмет көрсетеді.
«Бүгін еріктілер 9 баламызға есту аппаратын сыйға тартты, оның екеуі 1-сыныпта оқиды. Осындай көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамыз, – дейді арнайы мектеп-интернатының директоры Ләззат Төлепова. – Қазіргі таңда мектепте 144 бала білім алуда, оның ішінде 37-сінің есту қабілеті, 37-сінің көру қабілеті бұзылған және 69 бала психикалық даму тежелісі диагнозымен оқиды. Олардың ішінде қазақ және орыс тілдерінде білім алып жатқан 22 бала – 6-10 сынып оқушылары».
XYZ қауымдастығы еріктілерінің Атырау облыстық мектеп-интернатына қолдау көрсетуі бірінші рет емес. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қазақстандық ойлап табылған үш тілді Брайль шрифтін өздігінен үйренуге арналған оқулық сыйға тартты, физика және биология кабинеттерін жабдықтап, душ бөлмелеріне күрделі жөндеу жүргізді.