
Атырау облысында ауа райының жылынуына байланысты облыс көлеміндегі барлық су айдындарындары мен Жайық өзеніндегі мұз жұқарған.
Төтенше жағдайлар департаменті және аудандық бөлімдердің қызметкерлері тұрақты түрде жүргізетін профилактикалық шаралар арқылы оқыс оқиғалардың алдын алуға тырысуда. Профилактикалық іс-шара кезінде жұқа мұз үстінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған балық аулаушылар көп. Құтқарушылар оларға нұсқама өткізіп, өз өмірлеріне қауіп төндірмеуге шақыруда.
«Бүгінде Атырау облысының су айдындарында мұздың қалыңдығы жағалауларында 7-8, кей жерлерде 12 см құрайды. Бірақ мұның бәріне қарамастан, балықшылар және тұрғындар, ойын балалары жұқа мұзға шығып, өмірлеріне қауіп төндіруде. Құтқарушылар күн сайын күніне 2 рет балық аулаушылармен және тұрғындармен профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Жайық өзені бойында қауіпті аймақтар анықталып, ол тұстарға «Мұз үстімен өтуге тыйым салынады!» ескерту белгілері орнатылуда. Тұрғындардан мұздағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз! Жұқа мұз үстіне топ болып жиналмаңыздар!, — деп атап өтті Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ жедел-құтқару жасағының басшысы Әділхан Жумалиев.