Былтыр қос азаматтығы бар 841 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оның 138-і елден шығарылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн-брифингіде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылы қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттардың шешімімен 138 адам елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды. Соңғы 5 жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жауапқа тартылды. Оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығының қазақстандық азаматтығы жойылды», — деп тоқталды Шұғыла Тұрлыбек.
Биыл өзінің азаматтағын жасырып, өзге елдің куәлігін алғысы келетіндер үшін жауапкершілікті күшейту жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, заңнамалық актілерге түзетулер енгізілмек.