Атырауда әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Жиында «Ембімұнайгаз», «Атырау-Жарық» АҚ мен «KPI Inc.» ЖШС-нің мердігер компанияларындағы жұмысшыларының жалақы көтеру туралы өтініші қаралды, деп ҚазАқпарат.
Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің айтуынша, жалақының төмендігі жұмысшылардың ренішін тудырған.
«Мәселен, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның нысандарын күзететін «KZ Projection Group» ЖШС-де 500-ден астам адам жұмыс істейді. Күзетшілердің айлығы – 84 000 теңге. Тек биыл 10%-ға ғана көтерілген. Ал, «АМӨЗ» ЖШС-ға көлікті ұсыну қызметін жүзеге асыратын «Gold Sunray» ЖШС жұмысшылары осындай мәселемен облыстық әкімдікке жүгінді. Жалақы былтырғы 1 шілдеде 10%, биылғы 1 қаңтарда тағы 10% өсті. Арнайы автокөлік жүргізушілері мен слесарлық топқа 20 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы белгіленді. Олар ведомствоаралық штабта еңбек қатынастарының проблемалық мәселелерін шешуді қарауды, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға еңбекақы төлеу қорын арттыру туралы келісімшартқа өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар беруді сұрайды», -деді Игілік Әубәкіров.
Ал облыстық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-нің мердігер компаниясындағы қызметкерлердің мәселесін қозғады.
«Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясына «VG Service» ЖШС-нің қызметкерлері тиісті өтінішпен жүгінді. Мердігер мекеме Астана қаласында орналасқандықтан, іс Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданды. Бірақ астаналық басқарма Президенттің Жарлығымен шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялануына байланысты жұмысшылардың өтініші бойынша тексеруді тіркеу мен жүргізу мүмкін емес деп жауап берді», -деп мәлім етті Еділ Ұзақбай.
Комиссия отырысында «Атырау-Жарық» АҚ-дағы екі мәселе қаралды. Бірі – жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы, екіншісі – қауіпсіздік ережелері.
«Біздің басты мақсатымыз – қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау. Бұл мекемеде бірнеше рет жазатайым оқиға тіркелді. Сол жұмысшылар шетелдік компанияда жұмыс істесе, техникалық қауіпсіздікті толық сақтайды. Ал, бізде неге керсінше? Өйткені, талап қойылмайды. Соның салдарынан адамның денсаулығына зиян келеді. Өміріне қауіп төнеді. Біз жұмысшылардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек», -деді Серік Шәпкенов.Атырауда ірі үш компания жұмысшыларының жалақысын көтеру мәселесі қаралды