Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, құтқарушылардың жұмысын көптеген үйінді, олардың жылжып кету қаупі күрделендіруде.
Бүгінгі таңда Қазақстан мамандары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды.
Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр.
«Газиантеп қаласында пневмокаркасты модуль негізінде медициналық бекет орнатылды, ол жеке құрамды жылыту үшін де қолданылады. ТЖ салдарынан зардап шеккендерге, құтқарушыларға, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына шұғыл көмек көрсету біздің негізгі міндетіміз болып табылады. Күніне орта есеппен 35-тен астам зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді. Олардың ішінде стресстің жедел реакциясымен, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым. Күн сайын жеке құрамның жылыту пунктіне зардап шеккендердің туыстары мен жақындары, орта есеппен 40-50 адам кіріп жылынады. Апаттар медицинасы орталығының медициналық пункті мен медициналық қызметі барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен қамтамасыз етілген. Шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету тәртібінде жергілікті органдармен өзара іс-қимыл жасаймыз»,- деп ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Жазылбай Қозыбахов айтты.
Фото: t.me/qr_tjm