Атырау облысында мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өтеді. Бұған күн райының қолайсыздығы себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырауда 3 ақпанда қар жауып, ауа райы температурасы -10 градусқа дейін төмендеді. 4 ақпан күні сағат 15:00-ге дейін 15-16 см қар түскен. Ал бүгін, 7 ақпанда тағы да қалың қар жауды. «Қазгидромет» РММ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Айна Қазғұлованың айтуынша, мұндай қалың қар соңғы рет осыдан 7 жыл бұрын, 2016 жылы жауған. Нақтырақ айтқанда, бір тәулікте Атырау қаласында қардың қалыңдығы – 34 см, Индер ауданында – 58 см болған. Өңірдің өзге аудандарда 34-58 см аралығында жауды.
«Қазір желдің ұйытқуы секундына 15-20 метрге жетіп тұр. Желдің ұйытқуынан бұрқасын болуы мүмкін», — дейді Айна Қазғұлова.
Күн райының осылай құбылуына байланысты өңір мектептеріндегі сабақ онлайн форматқа ауыстырылды.
«Атырау облысында күн райының қолайсыздығынa байланысты қала және аудандардағы мектептерде 0-11 сынып оқушылары, колледж студенттері сабақты бүгін, 7 ақпан түстен кейін онлайн форматта оқып жатыр. Сабақты онлайн форматта өткізу әдісі ертең, 8 ақпанда да жалғасады», — деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.