Атырауда қар жауып, жел екпіні үдеді. «Қазгидромет» РММ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Айна Қазғұлованың айтуынша, желдің ұйытқуы секундына 15-20 метрге жетті. Желдің ұйытқуынан жаяу бұрқасын борап тұр. Ауа райының қолайсыздығынан Атырау қаласының бірнеше шағын ауданы мен шаһарға іргелес орналасқан елді мекендердің тұрғындары жарықсыз отыр. Электр энергиясы таңертең өшіп қалған.
«Бүгін ауа райының күрт өзгеріп, қар жауды. Екпінді желдің салдарынан релелік автоматика құрылғысында апатты өшірулер болып жатыр. Себебі, 6/10 кВ әуе электр желісіне жалғанған жеке, заңды тұлғалар теңгеріміндегі кешенді трансформаторлық стансаларға қар кірген. Оқшаулағыштар мен 6/10 кВ сақтандырғыш жанып кетті», — деп хабарлады «Атырау Жарық» АҚ мамандары.
Қазір эдектр энергиясын таратын кәсіпорынның қалалық электр жүйелерінен 15 жөндеу бригадасы және 5 жедел бригадасы кешенді трансформаторлық стансасын тазалау, жөндеу жұмыстарына кіріскен. Оған 2 гидравликалық көтергіш (АГП), жерді бұрғылау арқылы қазатын арнайы 2 техника тартылған.