Қазақстан дзюдодан беделді халықаралық турнир Grand Slam өткізу құқығына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат федерацияға сілтеме жасап хабарлайлы.
Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев пен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер Қазақстанда Grand Slam әлемдік турнирін өткізу туралы төрт жылдық келісімшартқа қол қойды.
Аталған келісімшартқа сәйкес Қазақстан 2023 жылдан 2026 жылға дейін дзюдодан ең беделді халықаралық турнирлердің бірін өткізетін басты алаңға айналады. Беделді әлемдік турнирлердің бірі эксклюзивті атауға ие болды, әлемдік аламан дода «Qazaqstan barysy Grand Slam» деп аталатын болды.
Қазақстандағы турнирде дзюдошылар 2024 жылы Парижде және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды. Сонымен қатар, жарыс аяқталғаннан кейін дзюдодан халықаралық оқу-жаттығу лагері тұрақты негізде өткізілетін болады.
Қол қою рәсімі кезінде Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер, IJF үшін турнирді өткізу құқығын көптеген талантты спортшыларды баптап шығарған және спорт сүйер қауымы мен жанкүйерлері көп елге беру үлкен мәртебе екенін айтты. «Қазақстандық дзюдоның тарихы терең, сонымен қатар мұнда көптеген ірі турнирлер өткізіліп келді. Бұл елде Grand Slam турнирін өткізу дзюдоны дамытуға да, оны танымал етуге де жаңа серпін беретініне сенімдімін», — деп атап өтті Визер мырза.