Атырауда көктемгі су басудың алдын алу шаралары жүргізілді
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөнінде жоспардан тыс комиссия отырысы өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе көктемгі су басудың алдын алу және қауіпсіздік шаралары.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, биыл облыс аумағында су басу қаупі жоқ, жағдай тұрақты.
-Қала және аудан әкімдіктерінің берген ақпараттарына сәйкес су тасқынының ықтимал салдарын жою үшін 22,5 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материалдар (ПГС, топырақ және т. б.) және 29 мың 800 қапшық, 17 дана шатыр, 5294 дана кереует, 3660 дана төсек-орын жабдықтары дайындалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің нысаналы трансферттері арқылы республикалық бюджет есебінен төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін төмендету мақсатында өңірімізде 2021-2025 жылдарға арналған «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы іске асуда. Оның аясында Махамбет ауданы Махамбет және Алға ауылындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Алайда Алға ауылында 2021 жылы реперлерді орнату кезеңінде жағалаудың 15-20 метрге ауытқуы анықталып, соның салдарынан жұмыстар тоқтатылды. Жайық өзенінің арнасының 15-30 м. өзгеруіне байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілуде,- деді Н.Жаңабаев.