Елордада интернет алаяқтық фактілері артып келеді. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаменті криминалды полиция басқарма басшысынының орынбасары Қайрат Мәдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл басынан бері елордада 443 интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Көрсеткіш ай сайын артып келеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2021 жылы 188 факті тіркелген. Бүгінде 443 факті бойынша 45 істі қарау аяқталды және 148 іс тоқтатылды. Сонымен қатар 150 интернет алаяқтық фактісі ашылды, нәтижесінде 29 айыпты ұсталып, оның 13-і қамауға алынды», – деді Қайрат Мәдиев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің мәлімдеуінше, интернет алаяқтыққа қатысты әлеуметтік желілердегі чаттар мен сайттарды бұғаттау жұмысы қолға алынған.
Айтуынша, бұғаттау шаруасы біраз уақыт алады, себебі интернет ресурстардың дені шетелде.
«Интернет алаяқтық және киберқылмыспен бірлесіп күресу мақсатында IT қауымдастығы өкілдерімен бірнеше жиын өтті. 54 мемлекеттен тұратын халықаралық конвенция құрамына қосылсақ, бұғатталатын сайттар мен чаттардың саны арта түспек», — дейді ол.
Сондай-ақ, полиция департаментінің өкілі интернет алаяқтық және киберқылмыстың алдын алу бағытында профилактикалық іс-шаралардың жиі ұйымдастырылып тұратынын жеткізді.