Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыҚоғам

Жанармай бағасын өсіріп жіберген Қарағанды әуежайы 81 млн теңге айыппұл төледі

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Сары-Арқа» әуежайы» АҚ-на қатысты тергеу жүргізді. Оның барысында компанияның 2018-2019 жылдары ішкі әуе желілері бойынша авиаотынға монополиялық жоғары баға белгілегені анықталып, іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сол себепті Қарағанды қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен «Сары-Арқа» әуежайы» АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оның 50 240 000 (елу миллион екі жүз қырық мың) теңге мөлшерінде монополиялық табысы тәркіленіп, 31 104 912 (отыз бір миллион бір жүз төрт мың тоғыз жүз он екі) теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген соң әуежай 50 240 000 (елу миллион екі жүз қырық мың) теңге мөлшерінде монополиялық табысты төледі.

Соттың ұйғарымы бойынша әкімшілік айыппұл бөліп төленді. Бұл туралы 30 қаңтарда әуежай департаментке растайтын құжаттары бар хат ұсынды.

Осылайша, мемлекет кірісіне жалпы сомасы 81 344 912 теңге айыппұл өндірілді.

Фото: gov.kz

Back to top button