Қаңтар айында қияр мен пияз бағасы айтарлықтай қымбаттаған
Бір айлық мәнде тұтыну бағаларының индексі 2023 жылғы қаңтарда 1,1% құрады. Өткен айда азық-түлік тауарлары – 1,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,9%, ақылы қызметтер 0,7% өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұлттық статбюроға сілтеме жасап.
Азық-түлік тауарлары арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, қаңтарда қияр – 22,4%, пияз – 16,7%, қызанақ – 8,8%, тәтті бұрыш 6,5% қымбаттады.
Бағаның өсуі күрішке – 2,9%, ұнтақ жармасына, жаңа ауланған немесе салқындатылған балыққа – 1,8%-дан, қара бидай-бидай нанына, жұмыртқаға – 1,7%-дан, сұлы жармасына, шошқа етіне, айранға – әрқайсысына 1,6%-дан, сондай-ақ тауықтың төс етіне, сүтке, тұзды iрiмшiкке, жемістерге, ауыз суға да әрқайсысына 1,4%-дан тіркелді.
Құмшекер 1,9% арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде қаңтарда бағаның ең көп өсімі жуу және тазалау құралдарына байқалды.
Мәселен, өткен аймен салыстырғанда кір жуғыш ұнтақ – 3,9%, ағартқыштар – 3,5%, ыдыс жууға арналған құралдар – 3%, кір сабын 2,7% өсті.
Тұрмыстық техника бағасы, керісінше, түсті, мәселен, шаңсорғыш – 1,6%, қысқа толқынды пеш – 1,3%, ас үй плитасы 1,1% арзандады.
Өткен айда ақылы қызметтердің бағасы 0,7% өсті.
Баға өсімі нотариус қызметтеріне – 12,6%, күндізгі стационарда емделу – 5,2%, жерлеу бойынша ритуалды қызметке – 4,7%, стоматологиялық қызметтерге 2,5% байқалды.
Коммуналдық қызметтер бойынша қоқыс шығару тарифтері – 2,8%, тұрғын үйді күтіп ұстауға жұмсалған төлем – 1%, орталықтан жылыту 0,8% өсті, ал тарифтің төмендеуі – су бұру қызметіне байқалды – 0,2%.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Ақтөбе облысында – 1,7% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – 0,7% Алматы облысында тіркелді.
Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларына ең жоғары өсім Астана және Шымкент қалаларында – әрқайсысы 2,2%-дан, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында әрбіреуінде 1,4%-дан, ақылы қызметтер бойынша ең жоғары өсім Ақтөбе облысында – 2,8%.
2023 жылғы қаңтарда жылдық мәнде инфляция деңгейі 20,7% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% өсті.
2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда кір сабын – 88,5%, кеңсе тауарлары – 71,4%, пияз – 62,4%, қант – 60,9%, қияр – 55,6%, консервіленген сүт – 46,4%, ұн – 42,8%, макарон өнімдері 42,3% қымбаттады.
Жылдық мәнде, керісінше, ақ қауынды қырыққабат арзандады – 26,5%.