Банкроттық жариялаудың қандай салдары бар және нені білу керек
2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Республика азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» ҚР Заңына қол қойды. Аталған заңда көзделген рәсімдер туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов хабардар етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Азаматтардың қарызы 1600 АЕК-тен, яғни 5,5 млн теңгеден асатын болса, сот банкроттығы қолданылады. Ол кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрі бойынша қолданыла алады. Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі сауда-саттыққа түсіріледі.
«Бірақ мұнда да өзінің нюанстары бар. Кредитор борышкердің жалғыз тұрғын үйін сот банкроттығы барысында ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы.
Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі. Борыштың қалған өтелмеген сомасы борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады. Яғни, ол мүлікті, ол туралы ақпаратты жасырмауы және жалған мәліметтер бермеуі керек», — деді Біржанов.
Оның айтуынша, банкроттық процедура іске асырылғаннан кейін Заңмен үш жыл ішінде қаржылық мониторинг процесін жүргізу көзделген. Егер банкроттық әдейі жасалса, бұл шешім қайтарылуы мүмкін. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына кәсіби бухгалтерлер; заң кеңесшілері; аудиторлар, кіреді. Олардың қызметтері ақылы, борышкердің мүлкі есебінен — айына бір ең төменгі жалақы 70 мың теңге.
Банкроттықтың үшінші тәсілі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, яғни тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін көздейтін рәсім. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бұл рәсімнің артықшылығы ол – одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды.
Сонымен қатар спикер банкроттықтан кейін пайда болатын салдарға тоқталды.
«Сот банкроттығын, және соттан тыс банкроттығын қолданатын азаматтар 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредиттер ала алмайды (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа); олар 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады; олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар болмайды», — деді спикер.
Ипотекалық несие бойынша шамамен 6,5 мың қарыз алушы банкроттық рәсімін пайдалана алады.