Бұл туралы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Үш қабатты емхана Нұрсая ықшам ауданында салынады деп жоспарланып отыр. Өйткені, Нұрсая ықшам ауданында халықтың көп шоғырлануына байланысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 250 орындық жаңа емхана салуға облыс әкімдігіне ұсыныс білдірген. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын. Аталған жоба Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру барысында жүзеге асып отыр.
«Медициналық қызмет көрсететін нысанның құрылысын қаржыландыру үшін ҚР Денсаулық сауқау министрлігіне бюджеттік өтінім жолдадық. Аталған емхана 250 адам қабылдайтын болады. Емханада науқастарға, ауруларды тексеру және диагностикалау, маман дәрігерлердің консультациясы және халықты сауықтыру бойынша профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылады»- деді Н.Құсайынов.
Оның айтуынша, нысанда келушілерге арналған жалпы бөлме, дәрігерлік практика бөлімшесі, күндізгі стационар, оңалту, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі бар. Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшесі, зертхана, биохимиялық топ, функционалды, сәулелік диагностика, орталық зарарсыздандыру бөлмелері қаралған. Оған қоса әкімшілік-тұрмыстық, қызметтік және шаруашылық бөлімдер болып функционалдық топтарға бөлінген.
Айта кетейік, медициналық нысанның жалпы ауданы 4709,77 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының жобалаушы мекемесі Астана-Проджект ЖШС.