Кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру үшін 14,4 млрд теңге бөлінбек

Автокөлік құралдары мен арнайы мақсаттағы автотехниканы сатып алатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді лизингілік қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 14,4 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған Үкімет қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, автокөлік құралдары мен арнайы мақсаттағы автотехниканы лизингіге сатып алатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді лизингтік қаржыландыру үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамына кейіннен кредит бере отырып, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін», — делінген Үкімет қаулысында.
Құжаттың түсіндірмесінде жазылғандай, бұл жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 14 млрд 400 млн теңге қаражат бөлінеді.
«Бюджеттік кредит беру лизинг құралы арқылы қаржыландыру жаңа жұмыс орындарын құруға, еңбек өнімділігін арттыруға, салық төлемдерін ұлғайтуға бағытталатын болады», — деп түсіндірме берілген қаулыға.
Жоба жүзеге асқан кезеңде «Бәйтерек» АҚ тоқсан сайын ҚР Қаржы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне кредиттің игерілуі туралы ақпарат беріп тұруға міндеттеледі.
Қаулыны ашық талқылау 31 қаңтарға дейін жалғасады.