Атырауда коммуналдық кәсіпорын ауыз су тарифін 100 пайызға көтеруді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау облысы су арнасы» – мұнайлы шаһар тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жалғыз коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын.
Қазір тұтынушыларға жеткізілетін ауыз судың тарифі — бір текше метр үшін 64 теңге.
Суды Жайық өзенінен алатын кәсіпорын енді тарифті 100 пайызға көтеруді көздеп отыр.
Сол себептен, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне өтінім берді.
Өтінімде алдағы 5 жылға арналған су тарифін көтеруді сұраған.
«Біз тарифті көтеру үшін өтінім бердік. Ұсынысымыз қолдау тауып, тарифті көтереміз деген үмітіміз бар. Өйткені, су тарифі соңғы рет 2015 жылы көтерілген. Содан бері тариф көтерілген жоқ. Керісінше, осы жылдар ішінде монополияға қарсы ведомство біздің тарифімізді 2 есеге жуық төмендетті», -дейді «Атырау облысы Су Арнасы» КМК директоры Арман Кенжеғалиев.
Оның айтуынша, кәсіпорынның кірісі тек жалақы, салықтар, коммуналдық қызметтер және басқа да аударымдар секілді ағымдағы шығындарды жабуға ғана жетеді.
«Тұтынушыларды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл үшін біздің кәсіпорынның су жеткізетін желілері мен түрлі жабдықтарында ақау болмағаны жөн. Дәл қазір біздегі желілер мен жабдықтар тозған. Оны жедел ауыстыру қажет. Бүгінгі төмен тарифпен мұны іске асыру мүмкін емес», -дейді Арман Кенжеғалиев.