Атырауда өзінен үлкен жасөспірімді құтқарған 8 жасар бала мараптталды, деп ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап Didarmedia хабарлайды.
8 жасар бала Атырауда Жайық өзеніне батқан жасөспірімдерді құтқаруға көмектескен.
Дінмұхаммед Жаңбырбай екі жасөспірімнің бірін қолынан тартып, судан шығуына көмек берген. Ол Атырау қаласындағы №3 мектептің 3-сыныбында оқиды.
Бүгін, 5 желтоқсанда жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев мектепке барып, 8 жасар құтқарушыға облыстық департаменті бастығының алғыс хатын тапсырды.
«Әр азамат өз елінің патриоты болуы керек. Дінмұхаммедтің батылдығы екі жасөспірімнің аман қалуына септігін тигізді. Осындай батыл баланың өсіп келе жатқаны қуантады. Өзіңдей ұл өсіріп отырған ата-анаңа рақмет. Әдайым қатарластарыңа үлгі болып жүр. Әлеуметтік желіден сенің батылдығыңды еліміздің, тіпті көршілес мемлекеттердің тұрғындары көріп, ризашылығын білдіріп жатыр. «Қазақстанда, оның ішінде Атырауда осындай батыр бала бар» деген сөздің өзі бәрімізді марқайтып отыр» -деді Ерлан Биғамбаев.
Дінмұхаммед Жаңбырбай – отбасының ортаншы перзенті. Оның отбасында әпкесі мен інісі бар. Ата-анасы ұлының батыл әрекетін бейнежазбадан көрген.
«Әкем сол күні өзенге бармау керегін ескертті. Сол себептен, балалардың артынан ілескеніммен, мұз үстіне шығуға асықпадым. Бірақ, достарымның мұзға түсіп кеткенін көріп, көмектесуге бардым. Қолымды созып, біреуінің судан шығуына көмектестім. Кейін 6 полицей келді. Әкем өзенге барғаным үшін ұрысатын болар деп ойлап едім. Алайда, әкем ұрысқан жоқ. Бүгін сыныптастарым «Дінмұхаммед, жарайсың!» деп айтып жатты», — дейді Дінмұхаммед Жаңбырбай.