Екібастұз тұрғындардың шығынын ОАЭК өтейді
ОАЭК Екібастұздағы төтенше жағдай салдарынан келтірілген шығынды өтейтін болады. Бұл туралы брифингте Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук мәлімдеді, — деп хабарлайды Didarmedia.kz тілшісі.
«ОАЭК» АҚ бүлінген үйлерге келтірілген шығынды өтейді. Зардап шеккендердің нақты саны анықталып жатыр», — деді Крук.
Крук, сонымен қатар, жөндеуге және көтергіштер мен батареяларды ауыстыруға байланысты пәтерлері жылусыз қалған бірнеше проблемалы көпқабатты тұрғын үйдің мекенжайын атады.
«Әсіресе, Сәтбаев 8, Мәшһүр Жүсіп 52, Әуезов 46, 46-А, 47, Шешенбеков 19-А мекенжайындағы үйлерде проблема бар. Штаб жетекшісі, Премьер-министрдің орынбасары жөндеу қызметінің жұмысын қайта үйлестірген болатын. Енді әр үйге бір-бір кәсіпорын бекітілді. Ол кәсіпорындардың бірінші басшылары бекітілген үйдегі ақауды жою жұмыстарының басы-қасында жүр — қатқан желіні жібітіп жатыр. Бұл басшылар бүкіл ақау жойылғанша осы істің басында болады», — деді Олег Крук өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Бұған дейін ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин де монополист компания жылу желілеріндегі апат салдарынан пәтерлері бүлінген Екібастұз тұрғындарына барлық жөндеу шығындарын өтейтінін мәлімдеген болатын.