Тараз маңындағы жарылыс: бір жылдан кейін әскери қызметкердің сүйегі табылды
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың денесі табылды, — деп хабарлайды Didarmedia.kz тілшісі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін былтыр 26 тамыздан бастап жүргізілді.
«Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетін болады. Қарулы Күштердің жеке құрамы орны толмас шығынға байланысты марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтады», — делінген министрлік хабарламасында.