Атырау қаласының тұрғыны көлігінің әйнегіне Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің суретін бейнеледі. Бұл жұртшылықтың ризашылығын тудырды. Бұл туралы Казинформ жазды.
Атырау қаласының көшесінде артқы әйнегіне Париждегі Олимпиада ойындарының чемпионы атанған Елдос Сметовтің портреті салынған жеңіл көлік жүр. Көлік иесі – Аслан Жазықов.
«Қазір жаһан жұртының назары Париждегі Олимпиада ойындарына ауып отыр. Еліміздің спортшылары Токиода алтын жүлде алмағаннан кейін осы Олимпиададан үміт күттік. Олимпиаданың алғашқы күні сол үмітімізді саңлақ дзюдошы Елдос Сметов ақтады. Қарсыласының бәрін жеңіп, қазақ дзюдошыларының арасынан тұңғыш чемпион атанды. Елдос елдің мерейін өсірді. Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Осы сәтті теледидардан көріп, қуаныштан қатты толқыдым», — дейді Аслан Жазықов.
Ол Олимпиада чемпионының суретін көлігінің әйнегіне салу үшін сіріңкенің талы мен мақта таяқшасын қолданған.
«Көлігімнің әйнегі шаң еді. Соны ұтымды пайдалануды ойлап, Елдостың портретін сала бастадым. Чемпионның суреті сәтті шықты. Мұны көрген жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де көлігімді фотоға түсіріп алды», — дейді Аслан Жазықов.