Өңірде «Балаларды судан қорғаңыздар» акциясы басталды.
Өңірде дүниежүзілік адамдардың суға кетуінің алдын алу күні қарсаңында бір апталық республикалық «Балаларды судан қорғаңыздар» акциясы басталды. Бұл кәмелетке толмаған жасөпірімдерді жазатайым оқиғаға ұшырауының алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы ТЖД Жедел-құтқару жасағының басшысы Әділхан Жұмалиев мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аймақта соңғы үш жылда 43 адам, оның ішінде 15 бала қаза тапты.
Жаз мезгілі басталғалы облыстың су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, құтқарушылар 8 адамды, соның ішінде 4 баланы құтқарды. Соған қарамастан биыл 9 адам, оның ішінде 4 бала суға кетіп қайтыс болды.
Ә.Жұмалиевтің айтуынша, Жайсыз жағдайларға тұрғындардың тыйым салынған жерлерде суға түсуі, балаларды қараусыз қалдыруы, ескертулерге құлақ аспауы, өз күштерін асыра бағалауы және жүзе алмауы себеп болып жатады. Бүгінде құтқарушылар су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті.
— Рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. ТЖД-нің құтқарушылары тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында рейдтік шаралар жүргізуде. Өздеріңізге белгілі Бесікті және Көкарна аулында қатарынан екі рет жасөспірімдер суға кетіп, қайтыс болды. Осы ретте облыс халқын сақтық шараларын сақтауға және белгіленбеген жерлерде суға түспеуге шақырамыз. Бүгінде 80-ге жуық құтқарушы 24 аумаққа бөлініп, оның ішінде қауіпті аймақтарда кезекшілік ұйымдастырылды. Суға шомылу ережесін сақтамаған 30-ға жуық тұрғын жауапкершілікке тартылды,-деді Ә.Жұмалиев.
Іс-шара барысында құтқарушылар су айдындарында рейд жүргізіп, суға батып бара жатқандарды құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін көрсетті.
Айта кетейік, Атырау облысында жарияланған төтенше жағдайға байланысты суға шомылу маусымы әлі ресми ашылған жоқ. Облыста суға түсуге тыйым салынған, қауіпті 70 аймақ бар. Ол жерлерге 200-ден астам белгі қойылған.