Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыМәдениет

Атыраудың Индербор кентінде «Абдолла домбырасы» монументі орнатылды

Атырау облысының Индербор кентіндегі орталық саябаққа домбыра монументі қойылды. Монументте «Абдолла домбырасы» деген жазу бар.

Ұлттық домбыра күні қарсаңында Индер ауданының орталығы – Индербор кентінде домбыра монументі ашылды. Аудан әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, алтын түстес металлдан құйылған монументтің биіктігі – 7,5 метр. Бір ерекшелігі домбыра монументі түнгі мезгілде де жарқырап тұрады.

«Домбыра – сан ғасырдан бері ұлттың рухын биіктеткен, талай ұрпақтың бесігін тербеп, ерлік пен елдіктің, адалдық пен адамдықтың күйін шерткен ұлттық аспабымыз. Қазақтың домбырасы арқылы ұлттық мәдениетімізді қалыптастырған ақын-жыраулар, күйші-домбырашылар аз емес. Домбыра монументін Атырау топырағынан нәр алып, күйшілік, сазгерлік дәстүрді жалғастырған Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Абдолла Мусағалиевтің есімімен атауды жөн көрдік», — дейді Дарын Шамұратов.

Әкімнің айтуынша, домбыра монументін ашу идеясының астарында екі мақсат бар. Біріншісі – жас ұрпаққа ұлттық құндылықты насихаттау. Ал екіншісі – күйшілік өнерді кейінгі буынға жеткізген Абдолла Мусағалиев секілді өнер саңлақтарының ел жадында сақталуына ықпал ету.

«Абдолла домбырасы» аталған монументке жергілікті өнерпаздар Әділ Есқалиев, Мажан Есқазиев, Мәулет Қарасаев, Тұрғанәлі Үсенғалиев, Қуанышқали Қарақұлов, Үнзира Өмірбаева мен Қанапия Махметованың есімі қашалып жазылған. Өйткені олардың бәрі 1958 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне Индер ауданынан қатысқан.

Домбыра монументі «ARSM» ЖШС-нің басшысы Ж.Шәріповтің демеушілігімен орнатылған. Кәсіпкер игілікті іске 6 млн теңге бөлген.

Back to top button